Бұл туралы ҚР Көлік министрлігі Монреаль қаласында өткен ИКАО-ның 7-ші Дүниежүзілік әуе көлігі конференциясы аясында Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен АҚШ Көлік министрінің авиация және халықаралық қатынастар жөніндегі көмекшісі Дэниел Дж. Эдвардстың кездесуінен кейін хабарлады.

Кездесуде екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесі басты назарда болды. Қазіргі уақытта Қазақстан АҚШ-тың Федералдық авиация басқармасының (FAA) 1-санатын алу бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Қыркүйек айында америкалық сарапшылар аудит жүргізіп, алдын ала нәтижелер бойынша жақсы көрсеткіштерді атап өтті.

Бірінші санаттың берілуі қазақстандық әуе компанияларына АҚШ-қа тікелей рейстер орындауға мүмкіндік береді. Талғат Ластаевтың айтуынша, тараптар қажетті рәсімдерді мүмкіндігінше тез аяқтауға мүдделі. Сонымен қатар Қазақстан мен АҚШ арасында жасалған «Ашық аспан» туралы келісім де рейстерді іске қосуға құқықтық негіз қалыптастырады.

Министрліктің мәліметінше, әуе флотын жаңарту да жоспарланып отыр. 2026–2027 жылдары Air Astana әуе компаниясы үш Boeing 787 Dreamliner ұшағын жеткізуді күтуде. Бұл ұшақтарды АҚШ бағыты бойынша рейстерді ұйымдастыруға пайдалану жоспарланған.

Бұдан бөлек, 2025 жылы Қазақстан америкалық Boeing компаниясымен жалпы құны 15 млрд доллар болатын 33 әуе кемесін жеткізу туралы келісімдер жасасты.

Ведомство өкілдерінің пікірінше, тікелей әуе қатынасының ашылуы екі ел арасындағы іскерлік және туристік байланыстарды нығайтып, Қазақстан мен Орталық Азияның көлік мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етуі мүмкін.