Қазақстаннан АҚШ-қа ауысып отырмай тікелей ұшу мүмкіндігі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Енді жоба маңызды кезеңдердің біріне жетті: 21–25 қыркүйек аралығында АҚШ Федералдық авиация әкімшілігінің (FAA) сарапшылары Қазақстанда IASA халықаралық авиациялық қауіпсіздікті бағалау жұмысын жүргізеді.

Америкалық мамандар белгілі бір ұшақты немесе әуе компаниясын емес, Қазақстанның азаматтық авиация қауіпсіздігін мемлекеттік қадағалау жүйесін бағалайды. Бұл жұмыс елдің Category 1 (CAT 1) санатын алу жолындағы маңызды кезең саналады.

FAA нені тексереді?

Сарапшылар Қазақстанның авиациялық заңнамасын, нормативтік-құқықтық базасын және мемлекеттік органдардың ұшу қауіпсіздігін халықаралық талаптарға сай бақылау мүмкіндігін зерттейді.

Бағалау барысында авиация персоналын лицензиялау, әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы, ұшу пайдалану, мамандардың біліктілігі, сертификаттау және тұрақты мемлекеттік бақылау мәселелері қаралады.

Бұл жұмыс 2024 жылы басталған дайындықтың жалғасы. Сол жылдың 26–30 тамызы аралығында Қазақстанда IASA бойынша алдын ала техникалық шолу өткен болатын.

Category 1 Қазақстанға не береді?

Егер Қазақстан CAT 1 санатын алса, бұл FAA елдің азаматтық авиация қауіпсіздігін мемлекеттік қадағалау жүйесін ИКАО-ның қолданылатын стандарттарына сәйкес деп танығанын білдіреді.

Осы санат қазақстандық әуе компанияларына АҚШ-қа рейстерді бастау үшін қажетті келесі рәсімдерден өтуге және америкалық тасымалдаушылармен code-share келісімдеріне қатысуға мүмкіндік береді.

Бірақ CAT 1 алғаннан кейін АҚШ-қа рейстер автоматты түрде басталмайды. Әуе компаниясы америкалық заңнамада қарастырылған өзге де талаптарды орындап, қажетті рұқсаттарды алуы керек.

FAA Air Astana-ға да барады

Бағалау аясында 24 қыркүйекте FAA сарапшылары Астанада Air Astana әуе компаниясына техникалық сапар жасайды.

Тасымалдаушы АҚШ Көлік министрлігіне (DOT) коммерциялық қызметті жүзеге асыруға рұқсат алу үшін өтінім берген.

Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі бұл сапардың Air Astana-ны әуе тасымалдаушы сертификатының иесі ретінде инспекциялық тексеру болып саналмайтынын атап өтті. Оның мақсаты — америкалық тараптың Қазақстанның авиациялық әкімшілігінен алған ақпаратын растау.

Тікелей рейс нақты қашан ашылады?

Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей рейске қатысты мерзімдер бұған дейін бірнеше рет айтылған. Мысалы, 2024 жылы Көлік министрлігі АҚШ бағытындағы тікелей рейсті 2025 жылдың соңында аптасына кемінде екі рет іске қосу жоспарланғанын хабарлаған. Алайда бұл мерзімде рейс ашылған жоқ.

Қазіргі уақытта авиация органдары алғашқы рейстің нақты күнін жариялаған жоқ. Ең жақын маңызды кезең — IASA бағалауынан өту және Category 1 санатын алу бағытындағы жұмысты жалғастыру.

IASA аяқталғаннан кейін FAA Қазақстанның Авиациялық әкімшілігімен қорытынды брифинг өткізіп, кейін бағаланған бағыттар бойынша жазбаша есеп береді.

Сондықтан Қазақстаннан АҚШ-қа алғашқы тікелей рейс нақты қай күні ұшатыны әзірге белгісіз. Дегенмен қыркүйектегі бағалау — тікелей әуе қатынасын іске қосу жолындағы негізгі кезеңдердің бірі.