Салыстыру үшін, Grand Theft Auto V 2013 жылы шыққаннан кейін алғашқы 24 сағатта шамамен 800 млн доллар табыс әкелген. Осылайша, GTA VI ойынының алдын ала есептелген табысы алдыңғы бөлімнің көрсеткішінен үш есеге жуық жоғары.
Сарапшылардың мәліметінше, цифрлық сатылымдардың шамамен 75%-ы PlayStation 5 платформасына тиесілі болған. Қалған бөлігі Xbox Series X|S үлесіне тиген.
Ойынды неге 13 жыл күтті?
Серияның бұған дейінгі негізгі бөлімі Grand Theft Auto V 2013 жылдың қыркүйегінде жарық көрді. Ойын индустриядағы ең ірі коммерциялық табыстардың біріне айналды. Ал оның GTA Online көп ойыншы режимі жылдар бойы дамуын жалғастырды.
Rockstar Games GTA VI ойынының әзірленіп жатқанын ресми түрде 2022 жылдың ақпанында растады. Алайда сол жылдың қыркүйегінде интернетте ойынның ерте нұсқасына қатысты материалдар ірі ақпараттық таралым салдарынан жарияланып кетті. Әзірлеушілер бұл жағдайды растағанымен, оның жоба жұмысына әсер етпейтінін мәлімдеді.

Бастапқыда GTA VI ойынын 2025 жылы шығару жоспарланған болатын. Алайда 2025 жылдың мамырында Rockstar релиздің 2026 жылдың 26 мамырына шегерілгенін хабарлады. Кейін, 2025 жылдың қарашасында компания шығу күнін тағы да өзгертіп, ойынды 2026 жылдың 19 қарашасында жарыққа шығаруды жоспарлағанын мәлімдеді.
Әзірлеушілер релиздің кейінге шегерілуін жобаны аяқтауға және ойын сапасын жақсартуға қосымша уақыт қажет болуымен түсіндірді. Нәтижесінде GTA сериясының бесінші және алтыншы бөлімдерінің арасында 13 жыл өтті.
GTA VI ойынында не өзгерді?
Жаңа ойынның оқиғасы Флорида штатынан шабыт алған ойдан шығарылған америкалық Леонида штатында өрбиді. Оның аумағында серия жанкүйерлеріне Grand Theft Auto: Vice City ойынынан таныс Вайс-Сити қаласы орналасқан.

Оқиғаның ортасында екі басты кейіпкер – Люсия Каминос пен Джейсон Дюваль. Олар қылмыстық оқиғаларға араласып, қиын жағдайларда бір-біріне сенім артуға мәжбүр болады.
Rockstar әзірлеушілері қалалық аудандар, жағажайлар, ауылдық жерлер және басқа да локациялары бар, егжей-тегжейлі ашық әлем ұсынды. Трейлерлерде Леонида тұрғындарының күнделікті өмірі, жергілікті ойын-сауық орындары мен ойын атмосферасын қалыптастыратын түрлі оқиғалар да көрсетілген.
GTA VI алғашқы кезеңде PlayStation 5 және Xbox Series X|S платформаларында қолжетімді. Ал компьютерге арналған нұсқасының шығу күні әзірге жарияланған жоқ.
Қазақстандық режиссер Rockstar Games жарнамалық науқанына қатысты
GTA VI ойынының шығуында Қазақстанның да өзіндік үлесі бар. Режиссер Медет Шаяхметов Rockstar Games пен америкалық Andrew Miami киім брендінің бірлескен жобасына арналған жарнамалық ролик түсірді.
Ортақ топтамаға Вайс-Сити эстетикасы мен жаңа ойынның атмосферасынан шабыт алған 20 киім үлгісі мен аксессуар кіреді. Жарнамалық науқанға америкалық рэпер Loe Shimmy, оңтүстіккореялық өнерпаз MLMA және интернеттегі танымал тұлға Bendadonnn да қатысты.

Медет Шаяхметов – қазақстандық режиссер әрі клипмейкер, PBC Worldwide продакшн-компаниясының негізін қалаушы. Бұған дейін ол Канье Уэст, Gucci Mane, Скриптонит, Jah Khalib, Элджей және Era Istrefi сынды халықаралық және қазақстандық әртістермен жұмыс істеген.
Оның бұл жарнамалық науқанға қатысуы қазақстандық мамандардың халықаралық жарнама жобаларына да атсалысып жүргенінің тағы бір мысалы болды.





