Тәуекел аймағында бес ЖЭО қалып отыр
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, елдегі электр станциялары штаттық режимде жұмыс істеп, 18,2 мың МВт көлеміндегі ең жоғары жүктемеге дайын. Келесі жылы электр энергиясының профициті 1,5 млрд кВт·сағ деңгейінде болады деп күтілуде.
Алайда Ақтау, Семей, Орал, Теміртау және Тараз қалаларындағы бес ЖЭО әлі де «қызыл» аймақта тұр. Оларды бір жыл ішінде «сары» аймаққа ауыстыру жоспарланып отыр. Қалған 14 станция «сары» және «жасыл» аймақтарда орналасқан.
2030 жылға дейін екі жаңа энергоблок салынады
Екібастұз ГРЭС-2 станциясында үшінші және төртінші энергоблоктардың құрылысы жалғасып жатыр. «Самұрық-Энерго» АҚ мәліметінше, үшінші блокты 2028 жылы, ал төртіншісін 2030 жылдың қазан айында іске қосу жоспарланған.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңында шамамен 450 адам жұмыс істейді. Компания басқарма төрағасы Ансар Айдаровтың айтуынша, құрылыс жұмыстары мен жабдықтарды жеткізу бекітілген кестеге сай жүргізілуде.
Төтенше жағдай туралы ескерту жүйесі жаңа өңірлерге енгізіледі
Қазақстанда тұрғындарды жер сілкінісі туралы жедел хабардар ететін Mass Alert жүйесі кеңейтіліп жатыр. Қазіргі уақытта ол Алматы қаласы мен еліміздің тоғыз өңірінде жұмыс істейді. ТЖМ мәліметінше, қауіп туралы хабарлама халыққа бір минут ішінде жеткізілуі мүмкін.
Алдағы уақытта жүйені басқа да сейсмикалық қауіпті өңірлерде енгізу жоспарланған. Сонымен қатар ұялы байланыс операторлары арқылы шұғыл хабарламалар мен «Қазгидрометтің» дауылды ескертулері таратылады.
Көміртек тотығы датчиктері 290 адамның өмірін сақтап қалды
Жыл басынан бері Қазақстанда көміртек тотығын анықтайтын шамамен 13 мың датчик орнатылған. Осы уақыт ішінде құрылғылар 68 рет іске қосылып, қауіп дер кезінде анықталған. Нәтижесінде тұрғындарды эвакуациялап, 290 адамды құтқару мүмкін болған.
ТЖМ мәліметінше, елімізде әлеуметтік осал топтардың өкілдері тұратын 93 мыңнан астам тұрғын үй бар. Қауіпсіздікті арттыру мақсатында заңнамаға да өзгерістер енгізіліп, барлық жеке тұрғын үйлерге өрт хабарлағыштары мен көміртек тотығы датчиктерін міндетті түрде орнату қарастырылған.





