Әлеуметтік желілерде шамамен 15 млн қазақстандықтың дербес деректері даркнетке түсіп кеткені туралы ақпарат тарады. Жарияланған мәліметтерге сәйкес, белгісіз сатушы көлемі шамамен 2,7 ГБ болатын, 47 млн-ға дейін жазбасы бар деректер базасын сатуға шығарған.
Желіде тараған ақпарат бойынша, базада азаматтардың төлқұжат деректері, телефон нөмірлері, электрондық пошта мекенжайлары, жұмыс орны туралы ақпарат, құжаттардың көшірмелері және парольдер болуы мүмкін. Сондай-ақ сатушы бұл деректер eGov жүйесін бұзу нәтижесінде алынғанын мәлімдеген.
Министрлік не дейді?
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ақпаратты тиісті қызметтермен бірлесіп тексеріп жатқанын хабарлады. Мамандар жарияланған деректердің үлгілерін зерттеп, олардың ықтимал қайдан шыққанын анықтап жатыр.
Сонымен бірге, электрондық үкімет жүйелерінің бұзылғаны және аталған базаның тікелей eGov-тан алынғаны туралы расталған ақпарат әзірге жоқ.
Ведомство әлеуметтік желілерде көрсетілген ақпараттың бір бөлігі eGov жүйелеріндегі деректердің құрылымы мен форматына сәйкес келмейтінін атап өтті. Атап айтқанда, eGov-та төлқұжаттардың скан-көшірмелері жарияланымда айтылған форматта сақталмайды, ал цифрлық құжаттардың форматы басқа.
Сондықтан деректерді сатушының оның eGov жүйесінен алынғаны туралы мәлімдемесінің өзі жүйенің бұзылғанын дәлелдемейді.
Тексеру жұмыстары жалғасуда
Министрлік техникалық тексеру аяқталғаннан кейін қосымша ақпарат берілетінін мәлімдеді.
Азаматтарға цифрлық қауіпсіздіктің негізгі талаптарын сақтауға кеңес берілді: SMS-кодтарды, парольдер мен ЭЦҚ деректерін үшінші тұлғаларға бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және әртүрлі сервистерде бөлек пароль қолдану.





