Күнделікті қолданатын банк картасы алаяқтық схеманың бір бөлігіне айналуы мүмкін. Кейде карта иесі күмәнді қаржылық операцияларға қатысып жатқанын бірден түсінбейді.
Алаяқтар бөтен адамдардың шоттарын ұрланған ақшаны қабылдау, басқа шоттарға аудару немесе қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланады.
Ол үшін азаматтарға оңай табыс табуды ұсынады, ақша аударуға көмектесуді сұрайды немесе жеке деректерін пайдаланып, олардың атына банк шоттарын ашады.
Fingramota.kz мамандары мұндай жағдайлардың салдары ауыр болуы мүмкін екенін ескертеді. Адам банк операцияларына шектеу қойылуына, құқық қорғау органдарының тексеруіне және қылмыстық жауапкершілікке тап болуы ықтимал.
Оңай табыс туралы ұсыныстың артында не жасырынуы мүмкін?
Алаяқтардың кең таралған тәсілдерінің бірі — интернет арқылы жұмыс ұсыну.
Мысалы, студентке онлайн төлемдер операторы ретінде жұмыс істеу ұсынылады. Тәжірибе талап етілмейді, жұмыс кестесі еркін, ал төлем күн сайын беріледі.
Міндеті де қарапайым көрінеді: жеке банк картасына ақша қабылдап, белгілі бір пайызын өзіне қалдырып, қалғанын басқа шотқа аудару.
Мәселен, 200 мың теңге аударғаны үшін 20 мың теңге сыйақы ұсынуы мүмкін.
Алайда мұндай ұсыныстың артында дропперлік схема тұруы ықтимал.
Дропперлер — банк шоттары мен карталары басқа адамдардың, соның ішінде алаяқтардың қаржылық операцияларына пайдаланылатын тұлғалар.
Алматы облысында осындай жағдай тіркелген. Өңір тұрғыны онлайн төлемдерге байланысты жұмыс туралы хабарландыруға жауап берген.
Оның банк картасына 2 млн теңгеден астам ақша түсіп, әйел әр операциядан 5% сыйақы алып отырған.
Прокуратура мәліметінше, аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
Сондықтан жұмыс беруші жеке картаңызға бөтен адамдардың ақшасын қабылдауды талап етсе, мұндай ұсынысқа сақтықпен қараған жөн.
Сіздің атыңызға банк шоты ашылса ше?
Кей жағдайда азаматтар алаяқтарға банк картасын өз еркімен бермейді.
Қаскөйлер олардың жеке деректерін заңсыз пайдаланып, қашықтан банк шотын ашуы немесе қаржылық қызметтерге қол жеткізуі мүмкін.
2026 жылы Қазақстанда осындай оқиғалардың бірі жария болды.
Әйел адамның қатысуынсыз оның атына бірнеше банк шоты ашылып, небәрі алты күн ішінде олар арқылы 36 млн теңгеге жуық қаражат өткен.
Мұндай жағдайда адам өз атына жасалған операциялардың мән-жайын анықтап, алаяқтыққа қатысы жоқ екенін дәлелдеуге мәжбүр болуы мүмкін.
Егер сіз өзіңіз ашпаған банк шоты туралы білсеңіз немесе күмәнді аударым жөнінде хабарлама алсаңыз, дереу банкке ресми байланыс арналары арқылы хабарласу қажет.
Өтініштің тіркелгенін растайтын құжаттарды сақтап қойған дұрыс.
Бейтаныс адамға ақша аударуға көмектесу неге қауіпті?
Алаяқтар кейде банк бөлімшелері мен банкоматтардың жанында да әрекет етеді.
Бейтаныс адам картасының бұғатталғанын, ақша аудару лимиті біткенін немесе техникалық ақау шыққанын айтады.
Содан кейін сізден өз картаңызға ақша қабылдап, оны қолма-қол шешіп беруді немесе басқа адамға аударуды сұрайды.
Кейде көмегіңіз үшін сыйақы да ұсынады.
Бірақ сіз ол ақшаның қайдан келгенін және кімге тиесілі екенін білмейсіз.
Егер қаражат алаяқтық жолмен алынған болса, сіздің банк шотыңыз күмәнді операциялардың бір бөлігіне айналуы мүмкін.
Сондықтан мамандар бейтаныс адамдар үшін ақша қабылдамауға, аудармауға және қолма-қол шешіп бермеуге кеңес береді.
«Банктен хабарласып тұрмыз» дегенге сене беруге болмайды
Тағы бір кең таралған әдіс — телефон арқылы алдау.
Алаяқтар өздерін банк, полиция немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырады.
Олар шотыңызда күмәнді операция жасалғанын, біреудің атыңызға несие рәсімдеуге тырысқанын немесе қаражатыңызды шұғыл қорғау қажет екенін айтады.
Кейін SMS арқылы келген кодты сұрайды, сілтемеге өтуді немесе арнайы қосымша орнатуды талап етеді.
Мұндай әрекеттер алаяқтарға жеке мәліметтеріңізге және банк қосымшаңызға қол жеткізуге мүмкіндік беруі мүмкін.
Сондықтан күмәнді қоңырау түссе, сөйлесуді тоқтатып, банкке ресми нөмірі арқылы өзіңіз хабарласқаныңыз дұрыс.
Құпиясөздерді, SMS-кодтарды және мобильді банкингке кіру деректерін ешкімге беруге болмайды.
Дропперлік үшін қандай жаза қарастырылған?
Қазақстанда 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы қолданылады.
Бұл бап банк шоттарына, төлем құралдарына және сәйкестендіру деректеріне заңсыз қол жеткізуге жағдай жасау, сондай-ақ заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарының белгілі бір түрлері үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейді.
Құқық бұзушылықтың сипаты мен мән-жайына қарай айыппұлдан бастап, мүлкі тәркіленіп, жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Дегенмен адамның шотына белгісіз ақша түсуі оның автоматты түрде қылмыскер деп танылатынын білдірмейді.
Алаяқтықтың құрбаны болған адам мен заңсыз операцияларға саналы түрде қатысқан тұлғаның әрекеттері бөлек бағаланады.
Заңда белгілі бір шарттар орындалған жағдайда құқыққа қайшы әрекеттер туралы өз еркімен хабарлап, оларды ашуға көмектескен адамдарды қылмыстық жауапкершіліктен босату мүмкіндігі де қарастырылған.
Күмәнді операцияға қатысып қойсаңыз, не істеу керек?
Егер банк картаңызды басқа адамға берсеңіз, шотыңызға бөтен ақша қабылдасаңыз немесе белгісіз адамдардың тапсырмасымен аударым жасасаңыз, мұндай әрекеттерді дереу тоқтату қажет.
Банкке хабарласып, жағдайды түсіндіріңіз. Қажет болса, карта мен шотқа кіру мүмкіндігін бұғаттауды сұраңыз.
Алаяқтық белгілері анықталса, құқық қорғау органдарына арыз беріңіз.
Ал картаңызға қателесіп ақша түскені туралы бейтаныс адам хабарласса, қаражатты оның көрсеткен деректемелеріне өз бетіңізше аудармаңыз. Қайтару мәселесін банк арқылы шешкен дұрыс.
Қаржылық қауіпсіздіктің басты ережесі — жеке банк шотыңызды бөтен адамдардың операциялары үшін пайдалануға бермеу.





