ҚазҰУ-да не болды?
16 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші курс студентінің қайтыс болғаны белгілі болды. Ол география және табиғатты пайдалану факультетінде оқыған.
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға байланысты Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғаған. Күдікті ұсталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Алайда құқық қорғау органдары әзірге істің егжей-тегжейін ашпай, студенттің өліміне нақты не себеп болғанын хабарлаған жоқ.
Университетте проректор мен декан қызметінен босатылды
17 қарашада ҚазҰУ баспасөз қызметі студенттің қазасынан кейін қабылданған кадрлық шешімдер туралы ресми мәлімдеме жариялады.
Әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы атқарып отырған қызметтерінен босатылды.
Университет бұл шешімді қызметтік міндеттерді тиісінше орындамаумен, соның ішінде жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету мәселелерімен түсіндірді.
Сонымен қатар оқиға болған күні кезекшілікте тұрған қызметкерлер де жұмыстан шеттетілді. Қазіргі уақытта олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп жатыр.
ҚазҰУ барлық студенттік жатақханада кешкі бақылауды күшейткенін хабарлады. Бұдан бөлек, білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларға кәсіби психологиялық көмек көрсету шаралары енгізіліп жатыр.
Университет марқұмның отбасына көңіл айтып, олармен байланыста екенін, сондай-ақ қажетті материалдық және моральдық көмек көрсетіп жатқанын мәлімдеді.
Он күн ішінде студент өліміне қатысты екінші жағдай тіркелді
Жағдайға қатысты ерекше назар аудартатын жайт — бұл ҚазҰУ студенттік қалашығында қысқа уақыт ішінде болған екінші қайғылы оқиға.
6 қараша күні кешке университет аумағында журналистика факультетінің бірінші курс студенті қыз қайтыс болды. Алматы қалалық Полиция департаменті студенттің қаза болғанын растап, қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Ведомство өкілдері оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатқанын мәлімдеді.
Тергеу барысы туралы толық ақпарат жарияланған жоқ. 11 қарашада Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек университет пен министрліктің бұл жағдайға қатысты неге пікір білдірмегенін түсіндірді. Оның айтуынша, полиция тергеу әрекеттері аяқталғанға дейін ақпаратты жарияламауды сұраған.
Министр тергеуге дейінгі мәліметтерді жария етпеуді реттейтін Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сілтеме жасады.
Осылайша, екі жағдайдың арасында он күн уақыт өткен. Екі оқиға бойынша да құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғаған.
Студенттер қазасынан кейін Ғылым министрлігі ҚазҰУ-ды тексереді
Ғылым және жоғары білім министрлігі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да кешенді тексеру жүргізетінін мәлімдеді. Комиссия университетте студенттердің қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілетінін, психологиялық және әлеуметтік қызметтердің жұмысын, сондай-ақ әкімшіліктің білім алушылардан түскен өтініштерге қалай жауап беретінін тексереді.
Қақтығыстардың алдын алу және жастармен жүргізілетін жұмысқа да ерекше назар аударылады.
Бұдан бөлек, Ғылым министрлігі Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасымен бірлесіп, ведомствоаралық жұмыс тобын құрды. Топ студенттік жатақханаларға барып, білім алушылармен кездесулер өткізеді.
Әзірге не белгісіз?
Университет басшылығы кадрлық шешімдер қабылдағанына қарамастан, бірқатар маңызды сұрақ әлі де жауапсыз қалып отыр.
Атап айтқанда, бірінші курс студентімен қаза болар алдындағы түні нақты не болғаны, студенттер арасында бұған дейін жанжал болған-болмағаны және жатақхана әкімшілігіне тәртіп бұзушылықтар туралы шағымдар түскен-түспегені әзірге белгісіз.
ҚазҰУ тергеу органдарына қажетті көмек көрсетіп жатқанын және заңнама талаптарын ескере отырып, жаңа мәліметтерді қоғамға хабарлап отыратынын мәлімдеді.





