2026 жылдың тоғыз айында Қазақстанда тұтынушылардың 2,17 млрд теңгеден астам сомадағы мүліктік құқықтары қалпына келтірілді. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.

Осы кезеңде Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мен оның аумақтық департаменттеріне азаматтардан 72 мыңнан астам өтініш түскен.

Шағымдардың басым бөлігі бөлшек сауда саласына қатысты болған. Бұл бағыт бойынша 31 186 өтініш тіркелген, яғни жалпы өтініштердің 42,9%-ы. Екінші орында 12 264 өтінішпен (16,9%) электрондық сауда тұр. Ал тұрмыстық қызметтерге қатысты 7 065 шағым (9,7%) түскен.

Өтініштерді қарау нәтижесінде 23 мың жағдайда тұтынушылардың талаптары қанағаттандырылды. Тағы 26 мың өтініш бойынша азаматтарға құқықтық көмек көрсетілді. Қалпына келтірілген қаражаттың ең жоғары сомасы Алматы, Астана және Шымкент қалаларында тіркелген.

Бұдан бөлек, ведомство тұтынушылардың құқықтарын бұзуға қатысты қоғамда резонанс тудырған 107 істі қарады. Нәтижесінде 365 азаматтың жалпы сомасы шамамен 1,03 млрд теңге болатын құқықтары қорғалды.

Сонымен қатар жыл басынан бері аумақтық департаменттер 1 347 жоспардан тыс тексеру жүргізді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42,2%-ға көп.

Тексеру нәтижесінде 1 836 әкімшілік іс қозғалды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 54,3 млн теңгені құрады.