Тергеуге әлеуметтік желілерде тараған видео себеп болды. Видеода әйел көлік тізгінінде қауіпсіздік белдігін тақпай отырғаны және қолданушылардың ескертулеріне жауап бергені көрінеді. Ол ешқашан қауіпсіздік белдігін тақпайтынын айтып, мұны өзінің жеке ісі деп санайтынын мәлімдеген.
Қолданушылардың ерекше назарын оның полициядағы байланыстары туралы айтқан сөздері аударды. Әйел жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан, құқық қорғау органдарының өкілдері оған куәлігін қайтадан әкеліп беретінін айтқан.
«Менің байланыстарым мен мүмкіндіктерімнің қаншалықты зор екенін елестетіп көріңіздерші. Мен сияқты адамға жүргізуші куәлігін өздері әкеліп береді. Полковниктер иіліп, тағзым етіп қайтарады», – деген ол.
Видео тарағаннан кейін Алматы қалалық Полиция департаменті автокөлік жүргізушісінің жеке басын анықтады. Ведомствоның мәліметінше, әйел бұған дейін сот шешімімен көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, көлік жүргізуді жалғастырған.
Оған қатысты бірнеше құқықбұзушылық бойынша әкімшілік іс қозғалды. Атап айтқанда, жүргізуші куәлігінен айырылғаннан кейін көлік басқару, қауіпсіздік белдігін пайдалану талаптарын бұзу, сот шешімін орындамау және жалған ақпарат тарату фактілері қарастырылды.
Іс материалдары сотқа жолданып, автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды. Сонымен қатар көлікті жүргізуші куәлігінен айырылған әйелге берген автокөлік иесі де жауапкершілікке тартылды.
Полиция өкілдері адамның байланыстары мен өзін заңнан жоғары санауы оны жауапкершіліктен босатпайтынын атап өтті.
«Ешқандай байланыс, таныстық немесе дабыралы мәлімдеме заң бұзуға құқық бермейді», – деп мәлімдеді Алматы қалалық Полиция департаменті.
Енді іс бойынша түпкілікті құқықтық бағаны сот береді.





