Қарағанды облысы әкімдігінің мәліметінше, жаңа кешеннің жалпы аумағы 181 мың шаршы метрден асады. Мұнда кинотеатрлар, жыл бойы жұмыс істейтін мұз айдыны, заманауи кітапхана, балаларға арналған тақырыптық саябақ, концерт алаңдары, сондай-ақ фестивальдер, көрмелер мен жәрмеңкелер өткізуге арналған кеңістіктер ашылады.

Жоба кәдімгі сауда-ойын-сауық орталығы ретінде емес, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған толыққанды қоғамдық кеңістік ретінде ұсынылып отыр. Мұнда мәдени іс-шаралар, спорттық жарыстар және мұз шоулары ұйымдастыру жоспарланған.

«Жаңа орталық Keruen желісіндегі ең ірі нысан әрі елдегі ең ауқымды жобалардың бірі болады. Жобаны іске асыру нәтижесінде кемінде 3900 жаңа жұмыс орны ашылып, өңірдегі кәсіпкерлік пен экономиканың дамуына қосымша серпін береді», — деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Кешеннің сәулеттік тұжырымдамасын әлемнің түрлі елдерінде коммерциялық және қоғамдық кеңістіктерді жобалаумен танымал Chapman Taylor компаниясы әзірледі. Орталықта ашық аспан әсерін беретін шыны күмбездер, ыңғайлы инфрақұрылым, отбасылық демалыс аймақтары және жерасты автотұрағы қарастырылған.

Компанияның бас директоры Галина Зкрияеваның айтуынша, келушілердің жайлылығына ерекше көңіл бөлінген. Соның ішінде сауда орталығының лифтіне тікелей шығатын жылы автобус аялдамасы да болады.

Кешен Тәттімбет көшесінде салынады. Құрылыс екі кезеңмен жүзеге асырылады: бірінші кезеңін 2027 жылдың соңына дейін, ал екінші кезеңін 2028 жылы аяқтау жоспарланған.